НИЕТ НЕМЕСЕ КІР ЖУАТЫН СУМЕН ШӘЙ ҚАЙНАТА МА? Біздің үйдің төржайлаудағы жұрты тоғыз жолдың торабында еді. Арлы-берлі көшкен жұрт түйелерінің белін суытып, өздерінің шөлін басып сапырылысып жататын. Қысқасы, күндіз-түні қонақ. Шәугім оттан түспейтін. Бір күні сондай қонақтардың үш-төртеуі сау ете қалды. Аттан түсіп, айылын босатып мамағашқа шылбыр іліп, қамшыларының ұшы жер сыза үйге беттеген. Апыл-ғұпыл шайдың қамы. Аман-сәлем аяқтай бере ішіндегі егделеу біреуі шешеме «жүрісіміз суыт еді, аттың белін суытқалы түстік, шайыңды тездетіп жіберсең, қарағым» - деді. «Иә, иә» деп елпеңдей жөнелдік. Бір кезде қарасам анам шәугімге суық су құйып жатыр. Таң қалдым. Даладағы ошақта қара қазандағы қара су бұрқ-сарқ қайнап жатқан болатын. Ұмытып кеткен болды ғой деген оймен «далада қайнап тұрған су бар ғой» дедім. Анам ештеңе деген жоқ. Бір кезде тағы да айттым. Сол кезде жаныма жақындай келіп қонақтарға естіртпей, «ол кір жуам деп қайнатқан су» деді. Үндемедім. Бірақ түсінбедім. «Болса не бопты?» Ары ойланып, бері ойланып жіп таға алмадым. Дөңгелек кесенің түбін бес саусағының ұшына қондыра отырып соза сораптап шайға қанған жолаушылар аттанып кетті. Әлгі сұрақ ақылға әлі батып тұр. Мән-жайын сұрадым. Ыдысын жия жүріп жауап берген анам: «Бір нәрсеге ниеттеніп қойған кезде-ақ сен сол жұмыстың үстіндесің. Кір жууға деп құйылған суды шайға пайдалануға болмайды. Ол кір жуатын ыдысқа құймай-ақ кірдің суы болып кеткен» дейді. «А-а-а» дедім де қойдым. Бір досы әкемнен қоңыр құнанды сұрап келгенде әкем: «Оны бір жиенге берем деп ниет етіп, іштей атап қойып ем» дегені есіме түсті. Анау «Болмаса атқа ауысыңыз» - деп қоймай сұрайды. Сонда әкемнің: «Оған әлі айтпаған болсам да атап қойдым, ол енді соның малы, тіпті болмаса сол жиеннің өзінен сұрарсың» дегені де ап-анық есімде. Бұл не сірә? «Амалдар ниетке байланысты» деген Алла тарапынан айтылған ұлы қағида қазекемнің тұрмыс-тіршілік, туабітті болмысына осылайша сіңіп кеткен екен-ау. Біреуге іштей беріп қойған дүниесін (ол білмесе де) енді біреуге беруді қиянат көретін қазағымның осындай асыл болмысын бұл күнде кімге айтып түсіндіре аласың?.. Авторы - Ұ.НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.