Леонардо да Винчи өзінің әйгілі "Құпиялы кеш" деп аталатын полотносын салған кезде Христос пен Иуданың образын айырықша бейнелеуге үлкен мән берген көрінеді. Бір-біріне кереғар екі кейіпкерді сомдайтындай тірі мысалды адамдардың арасынан ұзақ іздепті.
Күндердің күнінде да Винчи шіркеу хорында ән салатын келбетті бір бозбаланы кездестіреді. Құдай үйінде Жаратушыға арнап мадақ ән айтатын жеткіншек келбетті ғана емес, нұр шашып тұрғандай ерекше таза еді. Періштедей пәк бейнесіне сүйсіне сұқтанған атақты суретші әлгі бозбаланың бейнесінен Исаны сомдап шығарады. Ал, Иуданы салу үшін керекті кейіпкерін үш жыл бойы сарсыла іздейді...
Бірде шеберханасына асыға басып келе жатқан да Винчи арықта нәжіс пен сасық суға аунап жатқан бір маскүнемді көзі шалып қалады. О жағына бір, бұ жағына бір шығып қарап көрсе, өзі іздеп жүрген Иуданың нақ прототипі екен. Ішкіліктен әбден азғындап кеткені болмаса, бұл маскүнем нағыз өзі іздеген кейіпкер шамалас боп шығады.
Леонардо дереу әлгі масты тұрғызып алып, трактирге сүйрелеп келеді де, алдына шарап қойып.., өзі отыра қалып оның түр-сипатынан Иуданың образын сала бастайды. Ішкілік үшін, қу тамақ үшін, қара басы үшін неге де болса дайын мына маскүнемнің сықпыты сатқын Иуданы көз алдыңа келтіргендей еді. Ұлы суретші шабыттана кіріседі...
Біраздан соң ішкен шарабы бойына тарап, әлгі маскүнем тілге келеді.
- Ә, Ұлы шебер! Сіз тағы да сурет салуға кіріскенбісіз? - дейді, масаң даусы қарлыға шығып, - Менің суретімді тағы да салайын дедіңіз бе?
- Мен сізді бұрын кездестірмеген секілдімін, жас жігіт! Қашан, қай жерде сізді бейнеледім екен?
- Салғансыз!.. мен шіркеу хорында діни әндер шырқап жүргенімде менің суретімді салған болатынсыз! - деп жауап береді, әлгі маскүнем шарабынан тамсана бір ұрттап қойып...
Адамның ішінде періште мен шайтан қатар өмір сүреді деген - рас әңгіме!..
°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°°
Леонардо да Винчи,
"Құпиялы кеш" (Ultima cena),
1495—1498.
Санта-Мария-делле-Грацие, Милан.