Алла тағала шыбынды не үшін жаратқан? Шыбын  –  Құранда аталған жәндік Адам айналасын, мына алып әлемді, ондағы әр жаратылысты таныған кезде ғана Алла тағаланы, яғни Жаратушысын танымақ. Оның құдіретін түсіну үшін бір Құранды оқып қою жеткіліксіз. Біз ең саналы жаратылыс – адамнан бастап, салмағы небәрі бірнеше грамды құрайтын маса, шыбын, тіпті оңайшылықпен көзге көрінбейтін жәндіктерге дейін зерттеу жүргізу керекпіз. Сонда ғана Алла тағаланың шеберлігіне көзіміз жете түседі. Әр жаратылыстың бір-бір ғылым екенін осыдан-ақ біле беруге болады. Оның бәрін біріне-бірін ұқсамайтын етіп Алла жаратты, ал олардың барлығын зерттеп бітуге адамның ғұмыры жете ме? Шыбын – Құранда аты аталған жәндіктердің бірі. Әрине, жаратылысымен, ызыңымен, ауру таситындығымен адамға ыңғайсыздық тудырса да, оны Алла тағаланың тегіннен-тегін жаратпағаны анық. Өйткені, мына әлемдегі әр жаратылыстың өз миссиясы бар. Сол секілді біз күнделікті елей бермейтін, кейде мазамызды алса «Құдай осыны не үшін жаратты екен?» деп налитын шыбынның да, жер бетінде атқаратын біраз шаруасы бар екен. Құранда аты аталған санаулы жәндіктің қатарына енетіні өз алдына бөлек әңгіме. Хаж сүресінің 73-аятында «Ей, адамдар! Бір мысал келтірілді, оған құлақ салыңдар. Сендердің Алладан басқа табынғандарыңның (пұттарыңның) бәрі жиылса да, бір шыбын жарата алмайды, егер шыбын олардың денесінен бір нәрсені алып қашса, одан оны тартып ала алмайды. Өйткені табынушы да, табынылушы да дәрменсіз» деп келеді. Расымен де, қазіргі небір озық технологиялардың ешқайсысы шыбын секілді бармақ басындай жаратылысты да жасай алған жоқ, жасай алмайды да. Ол жаратылыстың қолынан келетін дүние емес. Сенбесеңіздер, шыбынға ғана тән мына қызық мәліметтерге ой жүгіртіп көріңізші:  1. Қазіргі уақытта жеті құрлықтың бәрінде кездесетін шыбынның 750 мыңға тарта түрі белгілі. 2. Шыбын шамамен 1ай өмір сүреді. 3. Ұрғашы шыбын бар өмірінде үш мыңға жуық жұмыртқа таратып үлгереді екен. Бұл күніне 100 жұмыртқа деген сөз! Осыдан-ақ олардың қаншалықты жылдам көбейетінін біле беріңіз. 4. Басқа ұшатын жәндіктердің қанаты төртеу болса, шыбындағы қанат екеу-ақ. Сондықтан болар, шыбын секундына қанатын 200 рет қағып үлгереді. 5. Шыбынның көзі алтыбұрышты төрт мың хрусталиктен тұрады. Байқап қарасаңыз, шыбынның басының көп бөлігін көз алып тұрғанын көресіз. Шыбындар түс ажырата алады әрі адамның көзінің мүмкіндігі жетпейтін ультрафиолетті де айыра алады. Осындай мүмкіндіктеріне қарамастан, шыбындар анық көре алмайды. Алдындағы зат бұлдырлап тұрады.  6. Шыбын алға жылжу үшін алдымен секіреді, сосын артқа бір қадам жасайды, кейін ғана алға жылжиды. 7. Шыбын жұмыртқасын тамаққа тастайды. 8. Олардың аяқтарында желім секілді жабысқақ нәрсе болады. Ол қабырғада, төбеде жабысып тұруға көмектеседі. 9.Шыбын сұйық тамақты ғана іше алады. 10. Шыбын әр төрт-бес минут сайын дәретке отырады. 11. Шыбын тек Антарктида мен Арктикада ғана жоқ. 12. Шыбын сүзек, алапес, топалаң секілді көптеген ауруларды таратады. 13. Шыбын иісті 750 метрден сезеді. 14. Гавайда шыбынның қорғауға алынған, жойылып бара жатқан 12 түрі бар. 15. Шыбынның иммунитеті күшті. Ол түрлі химикаттарға оңай қарсы тұра алады. 16. Сіз әлі сыртқа шығара қоймаған қоқысыңызда 30 мыңға жуық шыбын пайда болуы мүмкін. Барлығымыз шыбынды зиянды жәндік ретінде қарастырамыз. Алайда оның пайдасы да баршылық екен. Ол адамға егінін шығынсыз жинауға көмектеседі. Шыбынның дернәсілі егіннің жауы – шегірткенің жұмыртқасын, өзге де зиянды жәндіктердің жұмыртқаларын жойып отыратын көрінеді. Біздің әлем Алла жаратқан тепе-теңдіктен тұрады. Ондағы әр жаратылыстың өз орны бар. Бірінсіз-бірі күн көре алмақ емес. Шыбын  –  хадисте мысал етілген жәндік Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Кей адамның (су немесе тамақ) ыдысына шыбын түссе, батырып жіберіп, қайта алып тастасын. Өйткені оның қанаттарының бірінде ауру, енді бірінде шипа бар», - деген хадисін Әбу Һурайра жеткізген. Шыны керек, Пайғамбар заманындағы адамдарға шыбынның микроб таситыны мүлде беймәлім жағдай еді. Бірақ бұл хикметті Пайғамбарымызға Алла тағала сездірді. Әрі ауруымен қоса шипасын айтқызды. Бүгінгі ғылым мұны енді-енді біліп келе жатыр. Ал біздер Пайғамбар сүннетіне адал болсақ, бүгінгі медицина әлі аша қоймаған көптеген жамандықан ада болатынымыз анық.   Мысырдағы Әл-Азһар университетінің хадис кафедрасының меңгерушісі доктор Мұхаммед әс-Самахи осы хадисті медициналық тұрғыда қарастырып, мақала жазған екен. Ол мақаласында ұсақ жәндіктерді зерттейтін ғалымдардың жақында ғана ашқан жаңалығына сүйеніп, шыбындардың құрсақ қуысында жасуша түріндегі паразиттер өмір сүретінін айтады. Бұл паразиттер өз тіршілігін жалғастыру үшін шыбынның тыныс жолдары арқылы сыртқа шығып тұруы керек. Ал шыбынды сұйықтыққа батырғанда осы жасушалар жарылады да олардың ішіндегі нәрселер зиянкестер денесіндегі ауру тудыратын микробтардың әрекетін жояды екен. ХХ ғасыр басында Үндістанда мынандай бір қызық оқиға орын алыпты. 1932 жылы ол жақта безгек ауруы өзгеше жылдамдықпен тарай бастайды. Оның жойқындығы соншалықты, Үндістан халқына түгел қырылып қалу қаупі туады. Әбден амалы құрыған дәрігерлер не істерін білмей естері шығып жатқанда, бір ғажап оқиға орын алады. Шағын ғана ауылдың тұрғындары ауруларынан өз-өзінен айыға бастайды. Бірден комиссия құрылып, ауыл тұрғындарын тексере бастайды. Сөйтсе, жергілікті халық шыбын өліп жатқан ашық құдықтан су ішеді екен. Зерттеу барысында, ол суда безгектің виброндары өздігінен өліп қалатыны белгілі болады. Сондай-ақ, суға түскен шыбынның бактериофаг бөлетіні анықталды. Яғни, бактериофаг та бактерия. Бірақ ол өзге бактерияны жеп тауысады. Бұл бактериофагтар жәй көзге ілінбейді, бар болғаны 20-25 микрон. Оны тек қазіргі заманғы мықты микрос­коппен ғана көруге болады. Австралиядағы Маккуори университетінің профессоры Энди Битти бұл құбылысты жеке зерттеуге кіріседі. Нәтижесінде, шыбынның ағзасынан микробтың кез-келген түріне қарсы әсер ететін мықты антибиотик бөлінетіні белгілі болды. Ол тіпті, шек құрттары мен «алтын түсті» стафилакокты жойып жібереді екен. Міне, 14 ғасыр бұрын Пайғамбарымыз айтып, адамдарды сақтандырған ем осы. Расымен сырттай бақылап көріңізші, шыбын сұйық затқа түскенде, қанаттарының бірін сақтықпен жоғарыда ұстауға тырысады. Екі қанатын бірдей батырмайды. Кейін құрғақ қанаты ұшып кетуіне жеңілдік жасайды. Ал батырған қанатымен біздің тамағымызға микроб қалдырып, ауру таратады. Ал сондай жағдайда адам шыбынды толық батырып жіберсе, өліммен арпалысқан шыбынның сақтаулы тұрған антимикроб құтысы жарылып кетеді. Осылайша шыбын алғашқы қанатымен жұқтырған микробты дезинфекциялайды. Бұлай жасау діни міндет болмаса да, қажет жағдайда қолдануға болатын ғылыми ақиқат.  Шыбынды Алла не үшін жаратты? Шыбынның жаратылуындағы хикметті білгендей болдық. Оның адамзатқа пайдасы көп екен. Бізге белгілері санаулы ғана, белгісіздері қаншама десеңші. Ғылым әлі жоғарыдағы хадистің төңірегіндегі талай жаңалықтың бетін ашар. Ал мен сіздерге біздерден бұрын өткен ғұламалар өмірінен шыбынмен байланысты бір оқиғаны келтіргім келіп тұр. «Бір күні халифа Әбу Жағфар Мансұр (95-158/714-775) әдеттегідей сарайында отырады. Кенеттен бір шыбын ұшып келіп жүзіне қонады. Ол шыбынды қағып жібереді. Алайда шыбын қайта айналып келіп жүзіне қонады. Қайта қағып жібереді. Осылайша шыбын бірнеше мәрте халифаның жүзіне қонып мазасын алады. Халифа ыза болады. Есіктің аузында тұрған нөкерлеріне қарап: «Есіктің алдына кім келіп тұр?» деп сұрайды. Нөкерлердің бірі келіп: «Мұқатил ибн Сүлеймен кіруге рұқсат сұрап тұр» дейді. Халифа: «Дереу алдыма кіргізіңдер» дейді. Мұқатил сарайға кіреді. Халифа Мұқатилді көрген бетте: «Алла Тағала шыбынды неге жаратқандығын білесің бе?» деп сауал қояды. Мұқатил еш кідірместен: «Алла Тағағала шыбынды өзін құдіреттімін деп санаған зорларды тәубесіне түсіру үшін жаратты» деп жауап береді. Әбу Жағфардың аузына құм құйылып, ләм-мим деп тіл қатпаған екен».  Белгілі тәпсірші ғалым Мұқатил ибн Сүлейменнің бір ауыз жауабында үлкен ғибрат жатқаны анық. Кейде адамның пенделігі ұстап, менменсіп кетеді. Дүниенің тұтқасы өзінің қолында тұрғандай көрінеді. Бірақ Алла тағаланың шыбын мен маса секілді жәндікке де қор ете салуы әп сәтте емес пе? Кейде маған Алла тағала осындай ұсақ жәндіктерді адамды тәубесіне түсіріп тұру үшін жаратқандай көрінеді… Марфуға ШАПИЯН

Теги других блогов: Құран Алла тағала шыбын